Мешітке бармаймын дегенің қайда?✅
Жолда бір танысыммен кездесіп қалдым, амандық-саулық сұрасып тұрғанда азанның даусы естілді. Мен досыма: «Жүр, жұма намазына барайық», - дедім. Ол да жұлып алғандай: «Менің жұмаға бармайтынымды білесің ғой», - деді.
- Білем ғой, алайда мешітке бармауыңның шын себебін білгім келеді.
- Білмеймін, бара алмай-ақ қойдық қой әйтеуір. Оның үстіне шалбарымның қыры кетіп, тізесі шығып кететіні тағы бар.
Мен еркімнен тыс күліп жібердім:
- Ау, сен осы әзілдеп тұрсың-ау, киімімнің қыры кетеді деп жұма намазын қалдыруға бола ма екен?
- Шын айтам, менің киімге, әсіресе, жасыл түсті киімге бір иығым бұрып тұрады.
Шындығында, солай еді. Бірінен-бірі өткен әдемі киімдерді, әсіресе жасыл түстілерін таңдап және әрдайым үтіктеулі түрде киінетін.
- Дұрыс, - дедім, - өміріңде бір рет болса да мешітке барып көрдің бе?
- Бала кезімде бірнеше рет атаммен бірге барғаным болмаса... Бәлкім ол шалбарымның тізесі шығып кетеді деп қорықпайтын кездерім болса керек. Бірақ бір білетінім - енді бұдан кейін мешіт дегенге бас сұқпайтын шығармын.
Оның айтып тұрғандары мені тым ыңғайсыз күйге қалдырып, бұл тақырыпты қозғағаныма өкіндірді. Ақыры досыммен ренжісіп айырылдық.
Арадан екі ай уақыт өтті. Біреулер оның мешітте екенін айтты. Жүгіріп бардым. Мешіт ауласындағы намаз сабының алдында екен. Тағы да өз әдетінше жасыл түсті киімдерін киіпті. Ақырын ғана жақындап келіп: «Мешітке келмеймін дегенің қайда?» - деп сыбыр еттім.
Досымнан үн шықпады. Өйткені ол жасыл түспен қапталған табытта жатыр еді.