Әкем «адам болмайсың!» деп еді…
Бір кісінің жалғыз ұлы болады. Әкесі баласын ешкімнен кем қылмай өсіріп, «адам бол» дегенді құлағына құюмен болады. Кісі баласының мұндай сотқар, өтірік сөйлейтін, жалқау, ешнәрсенің қадірін білмейтін рақымсыз, тасжүрек болып өскеніне қатты қынжылады. Қанша ақылын айтса да баласы тыңдамайды. Ақырында әкесі «әй, балам, сен адам болмайсың» деп қолын бір-ақ сілтейді.
Бір күні жігіт әкесіне: «Әке, мен өзге қалаға «бақыт» іздеп кетіп барам. Сол жақта жұмыс істеп күнімді көремін» деп кетіп қалады. Бір қалаға келіп бір патшаның қол астына кіріп жұмыс істей бастайды. Ақырында өзінің қулығымен, айлакерлігі мен өтірігінің арқасында патшаның сеніміне кіріп, өзі де бір лауазымды орынға тағайындалып «бастық» болып шыға келеді. Сөйтіп жүріп ойына әкесі түседі де шабармандарына «әкемді алып келіңдер» деп бұйрық береді. Зәулім үйге кіріп келген қарияға жігіт: «Иә, әке, таныдың ба балаңды? Маған «адам болмайсың» деп ұрсушы едің. Көрдің бе, қандай адам болғанымды?» деп күледі. Сонда әкесі: «Иә, көрдім балам. Мақсатыңа жетіпсің. Мен саған бастық болмайсың деген жоқпын, адам болмайсың деген едім. Қателеспеген екенмін» дейді де бұрылып жүре береді.