Әбу Ханифаның тапқырлығы мен парасаттылығы-2
Бірде халифа әл-Мансур (754–775) табиғат заңын құдіреті күшті Тәңірден жоғары қоятын дінсіз философты шақыртып, ниетін білгісі келеді. Дінсіз: «Құрметті, халифа! Сенің сарайыңда қызметте жүрген ғалымдармен кездесіп, пікірсайыс өткізсем деймін. Өйткені, олар бүкіл әлемді бір Алла жаратты дейді. Мен әлем бұрыннан бар еді деймін, әрі бұл пікірімді дәлелдеп беремін»,–дейді.
Халифа Әбу Ханифаны шақыртады. Ол бесін намазын оқып болғаннан соң баратынын хабарлайды.
Куфалықтар мәжіліс үйіне лық толады. Әбу Ханифа бірақ айтқан мерзімінде келе алмайды. Уақыт өткен сайын дінсіз тәкаппарланып: «Білемін, менен қорықты»,–деп жылмың қағып отырады.
Осы кезде Әбу Ханифа кіріп келеді. Дінсіз оған: «Сен бізді күттіріп қойдың, сенімен айтыспаймын»,–дейді. Ол: «Асықпаңыз, әуелі не үшін кешіккенімді айтайын. Бүгін бір ғажайып оқиғаның куәсі болдым. Үйіміз өзеннің арғы жағында еді. Салға отырып, бері өтпекші болып едім кенет жел соғып, салды бұзып, ағаштарын жан–жаққа ұшырды. Не істерімді білмей тұрғанымда, бір толқын, салдың бөренелерін бір жерге жинады, ол қайта сал болды, оған мініп, осында келдім. Кеш қалғанымның себебі осында. Сол үшін кешірім сұраймын» – дейді.
Бұл жауапқа қарқылдап күле бастаған дінсіз:
– Ей, халайық! Ғалымыңыздың айтқан сөзі қисынға келе ме?! Бұл қып–қызыл өтірік ғой,–дейді. Сонда Әбу Ханифа шындыққа көшіп:
– Шынында, ақылсыз сенсің. Екі ағаштың бір жерге жиналатынына сенбей тұрып, ұшы–қиырсыз, алды–арты жоқ әлемді қалайша өзінен өзі бар болады дейсің?–деген екен.