Әбу Ханифаның тапқырлығы мен парасаттылығы-3
Тағы бірде дінсіз философ, Әбу Ханифаға: «Алланы маған көрсетші мен де сенейін»,–дейді. Сонда Әбу Ханифа бір шыны сүт алдырып, дінсізден сұрайды:
– Май мен ірімшік қайдан шығады?
– Әрине, сүттен!
– Ендеше, сүт ішіндегі май мен ірімшікті көрсетші?
Дінсіз шарасыз қалып:
– Әрине сүт ішінде май мен ірімшік бар. Бірақ олар көзге көрінбейді,–дейді. Әбу Ханифа:
– Мына шыны ішіндегі сүтте май мен ірімшік бар екенін біле тұрып, оны көрсете алмайсың да, мына үлкен әлемді жаратқан Алланы қайта–қайта көрсет дейсің. Бұл мүмкін бе? Сүт ішінде қалай май болса, Алла да бұл әлемде осылайша бар, бірақ көрсетуге болмайды,–дейді.
Әлі де бір, Алланың барлығына сенбей, данышпансып отырған ол:
– Соңғы сұрағыма жауап берсең ғана саған жеңілгенімді мойындаймын. Алла бар деп бой бермейсің. Сол Аллаң дәл қазір не істеп жатыр? – деп сұрайды. Аз ғана ойланып қалған Әбу Ханифа:
– Мына отырған мінберден түсіңіз, сұрақтың жауабын сонда берейін деп дінсізді төмен түсіріп, өзі мінберге шығып:
– Дәл қазір Алла тағала сен сияқты бір дінсізді мына мінберден түсіріп, мен сияқты бір пендесін жоғары шығарды,–дейді.
Дінсіз аузын аша алмай қалып, қалың халық алдында «кәлимаи шаһадат» айтып, исламды қабылдаған екен.